«Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңына сәйкес, кезекте тұрған азаматтарға берілген пәтерлердің заңсыз жалға берілуін тоқтату, Төлеби ауданында мемлекеттік тұрғын үй қорынан алынған пәтерлерді заңсыз жалға беру фактілерін анықтау мақсатында тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Аудан әкімі Еркеғали Әлімқұловтың жетекшілігімен, сала мамандары және аудандық полиция бөлімінің учаскелік қызметкерлері бірлесіп, бірінші мөлтек аудандағы көпқабатты тұрғын үйлерде рейдтік іс-шара ұйымдастырды.
Тексеру барысында пәтерлерді заңсыз жалға берушілер анықталды. Арнайы топ пәтер иелері мен жалға алушылардың құжаттарын тексеріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Жыл басынан бері көпқабатты үйлердегі пәтер иелеріне заңсыз әрекеттердің салдары туралы хабарламалар жіберілді. Нәтижесінде 5 пәтер иесі өз еркімен пәтерлерін қайтарып берсе, 8 азамат сот шешімімен арендалық пәтерлерден шығарылды.
Заңсыз жалға беру фактілері бойынша актілер толтырылып, заң бұзушыларды жауапкершілікке тарту шаралары қолға алынды.
«Төлеби-ақпарат».